National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Еуропа қайта құру және даму банкінің вице-президенті, Ықтимал қатерлерді еңсеру мәселесі жөніндегі директоры Элизабет Нельсонмен кездесті

2017 жылғы 29 тамыз

Мемлекеттік хатшы халықаралық қаржы институттарымен арадағы ынтымақтастыққа Қазақстан Президентінің айрықша назар аударатынын атап өтті. Осыған байланысты, Мемлекет басшысы ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуына баса көңіл бөле отырып, халықаралық қаржы институттарымен өзара іс-қимыл аясын кеңейту жөнінде міндет қойған болатын.

Гүлшара Әбдіқалықова бүгінде еліміздің мемлекеттік органдары Елбасының халыққа арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауын іске асыру бағытында жұмыстар жүргізіп жатқанын атап өтті. Мемлекеттік хатшы Еуропа қайта құру және даму банкі «ақылды» экономика қалыптастыруға септігін тигізетініне сенім білдірді.

Кездесуде Қазақстан мен Еуропа қайта құру және даму банкі арасындағы ынтымақтастықтың бірқатар өзекті мәселелері талқыланды. Тараптар қарым-қатынастың қазіргі даму қарқынына көңіл толатынын айтып, банктің энергетика және тау-кен өндірісі секторындағы жобаларын іске асыру мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Сондай-ақ, гендерлік теңдік пен әйелдердің рөлін арттыру мәселелері қаралды. Әңгіме барысында Үкімет пен Еуропа қайта құру және даму банкі арасындағы келісім аясында «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасының іске асырылып жатқаны атап өтілді. Бүгінде 7 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілеріне 5,8 млрд теңге қарыз берілді. Қаржыландырумен қатар, Еуропа қайта құру және даму банкі әйелдер басшылық ететін шағын және орта бизнес кәсіпорындарына басқару тәжірибелері мен технологияларды енгізуге көмектеседі.

Кездесу соңында 31 тамыз – 1 қыркүйек аралығында Астанада өтетін «Әйелдер болашақтың энергиясын қолдайды» атты халықаралық форумда қарастырылатын баламалы энергетика және «жасыл» экономика, орнықты және инклюзивті өсімді қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

 

Анықтама:

Қазақстан 1992 жылғы 27 шілдеден бастап Еуропа қайта құру және даму банкінің мүшесі болып саналады. Бұл банк 1993 жылдан бері Қазақстанда жалпы құны 7,3 млрд евро болатын (қазіргі жиынтық көлемі – 2,6 млрд евро) 222 жобаны қаржыландырды.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің